Ақмола облысында жол апатынан зардап шеккен полицей қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында жол апатынан ауыр жарақат алған полиция қызметкері қайтыс болды. Ақмола облысы мен Астана қаласының дәрігерлері оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салғанымен, нәтиже болмады. 

Ақмола облысында жол апатынан зардап шеккен полицей қайтыс болды
Фото: Ақмола облысы ПД

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 4 қарашада полиция капитаны Данияр Таев ауруханада көз жұмды. Ол қызметтік міндетін атқарып жүргенде жол апатына ұшыраған.

— Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. JAC көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр. Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен қызметкерлері қаза тапқан полицейдің отбасы мен жақындарына көңіл айтады, — деп хабарлады ведомство.

Жол апатынан кейін полиция қызметкері Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілген. Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның жағдайы аса ауыр болған. Ер адам комаға түскен.

Дәрігерлер науқастың жағдайын бірлесіп бағалап, оны Астанадағы № 2 көпбейінді облыстық ауруханаға ауыстырған.

— Дәрігерлер барлық қажетті реанимациялық шараны жүргізгенімен, науқастың өмірін сақтап қала алмады. Ол жол апатынан алған ауыр жарақаттарының салдарынан қайтыс болды, — деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысындағы тасжолда полицияның қызметтік көлігі жол апатына ұшыраған еді. JAC T9 көлігінің жүргізушісі жылдамдықты шектен асырып, қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, полиция көлігіне соқтығысқан. Оқиға кезінде полиция қызметкерлері арнайы жол техникасын сүйемелдеп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген.