Ақмолалықтар жаңа пәтерлердің суықтығы мен қабырғаларының көгеріп жатқанына шағымданды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Шенеуніктер ауа-райы жылыған кезде мердігер барлық жөндеу жұмыстарын кепілдік бойынша жүргізетініне уәде берді.
Державинск қаласының Молодежный ықшамауданындағы № 9 үйдің тұрғындары әлеуметтік желіде өздерінің мәселелерін жазып, бейнежазба жариялады.
Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үй өткен жылы пайдалануға берілген.
— Біз өз баспанамыздың барына қуаныштымыз, алайда мұнда келгелі көп проблемаға тап болдық. Жаңа үй қағаз жүзінде әдемі, ал шын мәнінде қабырғалары жарылған, жылу бірде бар, бірде жоқ, барлық қабырғалар мен төбелер көгерген, балкондардың да сапасы сын көтермейді. Пәтерлер суық және ылғалды. Кіреберістегі баспалдақ шұрық тесік, төбелер құлап тұр, жергілікті әкімдік әзірге үнсіз отыр, — дейді тұрғындар.
Пәтер иелері барлық заңбұзушылық толығымен ретке келгенше, уақытша баспана беруді сұрады.
Жарқайың ауданы әкімдігі бұл мәселе бойынша құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі Сергей Макрдумян мен мердігер «Мега Строй Групп» ЖШС директоры Темірлан Серіковтің тұрғындарымен кездесу өткізгенін түсіндірді. Сондай-ақ олар пәтерлерді аралап шыққан.
— Жаңа көпқабатты тұрғын үйде 80 пәтер бар. Тексеру барысында жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап ететін бесінші қабатта орналасқан бұрыштағы 9 пәтер анықталды. Көрсетілген кемшіліктер тіркелді. Қолайлы ауа райы болған кезде мердігер кепілдік бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізеді, — деп хабарлады әкімдік.
Бұл мәселені Жарқайың аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бақылайтын болады.
Осыған дейін Риддер тұрғындары да үйлерінің салқындап кеткеніне шағымданды.