Ақмола облысында 3 күннің ішінде ішімдік ішкен 23 жүргізуші ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 3 күннің ішінде ішімдікке масайған 23 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің дерегі бойынша, облыста ішімдік ішіп алып көлікке отыру оқиғасы толастар емес. Сондықтан, профилактикалық шаралар  мас жүргізушілердің салдарынан болатын жол-көлік оқиғасын алдын алуға бағытталған.

«2016 жылдың қорытындысы бойынша жол патрульдік полициясының қызметкерлерімен алкоголдік, есірткі және токсикоманиялық масаң күйде рөлге отырған 3 682 жүргізуші ұсталды. Оның 386-ы дәл осындай заң бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар.

Сонымен қатар, жол патрульдік полициясының қызметкерлері 2016 жылдың 31желтоқсаны мен 2017 жылдың 3 қаңтары аралығында ауа райының жайсыз болуына байланысты 21 рет автомобиль жолдарында көлік қозғалысына шектеу қойып, 1 022 көлікті діттеген жеріне дейін жеткізіп салды. Осы аралықта облыс аумағында мас күйдегі 23 жүргізуші ұсталды», деп көрсетілген хабарламада.