Ақмола облысында 7 мыңнан астам азамат ХҚКО-ға тіркеу және құжаттандыру мәселесімен жүгінді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бір аптаның ішінде 7 мыңнан астам азамат ХҚКО-ға  тіркеу және құжаттандыру мәселесімен жүгінген, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, елімізде 2017 жылдың 7 қаңтарынан бастап азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша уақытша тіркеу туралы көші-қон заңнамасына жаңа ереже енгізілген болатын.

Жаңа ереже күшіне енген күннен бастап, облыстағы аумақтық ХҚКО көші-қон полициясының қызметкерлері тіркеу және құжаттандыру мәселесімен жүгінген 7127 азаматты қабылдаған. Оның 5705 тіркеу бойынша келсе, 3361 тұрақты тұратын мекенжайы бойынша жəне 2344 уақытша мекенжайы бойынша. Оған қоса, 1422 адам құжаттандыру мəселесі бойынша қызмет алды.

«Бастапқыда адамдар ХҚКО ағылды. Қазіргі кезде, жағдай тұрақталды. Негізінен тіркеу мәселесімен жүгінгендердің көбісі пәтерлерін жалға берушілер», - дейді көші-қон полициясының қызметкерлері.