КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының түрмесінде жазасын өтеп жатқан ер адамға кездесуге елордалық әйелі келді. Құжатын ұсыну кезінде әйелдің ПТР тесті жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, әйел ұсынған ПТР тест анықтамасына мекеме қызметкерлері күмән келтірген.
«35 жастағы астаналық әйел анализ тапсыру және дайын анықтаманы алу күніне назар аудармаған. Осыған байланысты кездесуге тыйым салынып, ПТР тест анықтамасын берген зертханаға құжатты растау туралы сұрау жіберілді. Көп ұзамай кездесуге келген әйелдің қызметке жүгінген клиенттер базасында тіркелмегені анықталды», - деді ведомстводан.
Қазірге кезде әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалы жүргізіліп жатыр.
Аслан Оспанов
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқыған. Мақалалары республикалық, облыстық және қалалық газеттерде жиі жарияланып келді. «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалында, «Арқа ажары» газетінде қызмет атқарды. 2014 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.