Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
«Ақмола облысының полицейлері еркінен тыс жұмысқа жегіп қоюды көздеген адам ұрлау фактісінің бетін ашты. 29 наурыз күні Жақсы аудандық полиция бөлімшесіне 20 жастағы баласының ұрланғандығын айтып, Қима ауылының тұрғыны арыз түсірді. Оның айтуы бойынша, түн ортасында бейтаныс біреулер үйдің есігін бұзып, ұлын көлікке отырғызған күйі белгісіз бағытқа алып кеткен. Іздестіру шаралары барысында адам ұрлығына қатысы бар Атбасар ауданының 23 жастағы тұрғынының тұлғасы анықталды»,- деді реми өкіл. Полицейлер күдіктілерді қолға түсіру үшін бірқатар жедел іздестіру шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде келесі күні Атбасар қаласындағы үйлердің бірінде қылмысқа қатысы бар күдіктілердің бірі қолға түсті. Соққыға жығылған жәбірленуші де сол жерден табылды. Одан әрі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде тағы екі күдікті - 20 және 22 жастағы жергілікті тұрғындар құрықталды.
«Белгілі болғандай, жәбірленуші мен күдіктілер Атбасар қаласындағы лицейлердің бірінде бірге оқыған. Студенттік жылдары олардың арасындағы шиелініс осындай оқиғаға ұрындырған. Кикілжіңді біржолата шешу мақсатымен олар жәбірленушінің тұрғылықты мекен-жайына баруды көздейді. Жол бойында біраз ішімдік ішкен күдіктілер жәбірленушіні ұрлап, Атбасарға алып барып, құлдыққа сатуды жоспарлайды.Қазіргі таңда ұсталғандар уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Аталған қылмыстары үшін олар 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін», -деді Н. Ораз.