Ақмола облысында құлдықта болған 34 жастағы ер адам құтқарылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 8 ай бойы тегін еңбекке жегілген ер адам құлдықтан босатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің мәліметі бойынша, Бурабай аудандық ІІБ Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімшесінің қызметкерлері Балықты ауылының 66 жастағы тұрғыны сегіз ай бойы Щучье қаласының 1983 жылы туған тұрғынын бопсалап, қорқыту арқылы шаруашылық  жұмысына жеккені анықталды.

«Тексеріс барысында анықталғандай, күдікті мен зардап шегуші бұрыннан таныс. 2016 жылдың шілдесінде Шучье қаласында бір кездескен сәтінде күдікті зардап шегушіге жұмыс ұсынған. Еңбекақысына келіскен 34 жастағы жігіт бірден ауылға келеді. Кейін жұмысшыға істеген еңбегінің ақысын берудің орнына күдікті керісінше оған  7 бас ірі қара ұрладың деп жала жауып, полицияға хабарлаймын деп бопсалаған. Осылайша, бұрындары сотты болған зардап шегуші тағы да темір торға тоғытылатынынан қорқып, тегін жұмыс істей берген. Оның сөзіне қарағанда, күдіктінің ешқандай малы ұрланбаған.

«Ағымдағы жылдың 9-шы ақпанында Бурабай аудандық ІІБ Ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімшесінің қызметкерлері  аталған Балықты ауылының 66 жастағы тұрғынын ұстады. Қазіргі кезде, ҚР ҚК 126-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп түсіндірді полицейлер.