Ақмола облысында сотталғандар туберкулездің алдын алу және онымен күрес еріктілері болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түзеу мекемелерінде туберкулездің алдын алу және болдырмау бағытындағы жұмысты жандандыру аясында Ақмола облысының Заводской кентіндегі ЕЦ-166/18 мекемесінде қатаң режімде жазасын өтеп жүргендер үшін арнайы оқыту семинары өтті.

Бұл туралы Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінен хабарлады.

«Қазіргі уақытта Ақмола облысының түзеу мекемелерінде қамау орындарынан босатылатын тұлғаларға туберкулезге қарсы көмек бойынша жоба іске асырылуда. Аталмыш жобаны орындау аясында «Үміт нұры» атты адам құқықтарын қорғау және туберкулезбен күрес қоғамдық қорының директоры Любовь Рубежанская мен Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің сарапшысы, бас дәрігердің орынбасары Жазира Нысанбекова сотталушыларды оқыту шараларын жүргізді», - деп атап өтті ЕЦ-166/18 мекемесіндегі жасақ бастығы Жандос Салықов.

«Оқыту нәтижесінде 25 сотталушыға ақпараттық еріктілер сертификаттары берілді», деп қосып өтті Ж.Салықов.