Ақмола облысында су тасқынының шырқау шегі 2-3 күн ішінде орын алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Батыста су тасқынының екінші толқынын күтіп отырмыз. Бұл сәуір айының соңында Ресей Федерациясы аумағынан келетін Жайық өзенінен туындайды. Шығыс Қазақстан облысында су тасқынының алғашқы толқыны өтті. Бұл кезең Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары үшін айрықша күрделі болды», - деді комитет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуал бірқалыпты. Өңірге жауған қалың қар біртіндеп еріп жатыр. Бұл аймақта қажет болған жағдайда облыс халқына көмек көрсету үшін адам күші мен техника жұмылдырылған.

«Ақмола облысында су тасқының шырқау шегі 2-3 күннен кейін орын алады деп күтудеміз. Шамамен ол Атбасар, Астрахань және Целиноград сынды аудандарда болады», - деді Беккер.

Айта кетерлігі, биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары өткен жылы басталды. Тек ағымдағы жылдың ішінде ғана 1,5 шақырым қорғау бөгендері салынып, 17 шақырымға жуық қорғау бөгені жөндеуден өткізілді, 9 шақырымнан астам уақытша бөген салынды. 23 шақырымнан астам өзен арнасының жағасы нығайтылып, 35,5 шақырым өзеннің түбі тереңдетілді, автомобиль жолдары мен көпірлер астындағы 20 мың және теміржол желілері астындағы 4 мыңға жуық су жіберу құбырлары тазартылды.

Су тасқындарының алдын алу және оның салдарын жою үшін 8 мыңнан астам тонна жанар-жағармай қоры, 234 мың тонна инертті материалдар, 1 млн-нан астам тонна қаптар мен 20 тонна көлеміндегі жарылғыш зат қорлары дайындалды. Халықты қауіпсіз жерге көшіру қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен 1700-ден астам адам қабылдайтын пункт дайындалды, қажетті көлік анықталды.