Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша өңір аумағында жүргізілген «Заңсыз келуші-2017» арнайы операциясы барысында 2 қазанында 24 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Тексеріс барысында оның Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық сотының елден шығарып жіберу туралы қаулысын орындамағаны анықталды. Соттың қаулысына сәйкес, шетелдік азамат 2016 жылдың қараша айында ел аумағынан шығуы тиіс болатын. Алайда, жасырынып жүрген ол Целиноград ауданының Қосшы ауылында ұсталды.
Қазіргі кезде, өзбекстандық ұсталынып, ҚР ҚК 393-бабы бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Аталмыш санкцияға байланысты өзбек азаматына 300 АЕК бойынша айыппұл салынуы мүмкін. Оған қоса, 5 жылға дейін Қазақстан Республикасы аумағына кіруге рұқсат етілмейтін болды.
Сонымен қатар, осы күні Көкшетау қаласында көші-қон заңын бұзған Қырғызстан Республикасының азаматы ұсталды. Жалған құжат жасаған қырғызстандықтың да үстінен ҚР ҚК 394-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр.