Ақмола облысында жұмысшының трактордан құлауына байланысты іс қозғалды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында ер адам трактордан құлап, өндірістік жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 24 маусымда Астрахан аудандық ПБ кезекшілік бөліміне аудандық аурухананың фельдшері хабарласып, ер адамның дене жарақатымен ауруханаға түскенін хабарлаған.

«Анықталғандай, жергілікті ЖШС-ның 59 жастағы жұмысшысы ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу кезінде К-700 тракторынан құлап, «қабырғаларының сынуы» диагнозымен ауруханаға жеткізілді», - деді ведомстводан.

Осы оқиғаға байланысты тергеу бөлімі Қылмыстық кодекстің 156-бабының 1-ші бөлігі «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.