Ақмола полициясы жоғалған адамдарды іздеуде дрондарды қалай қолданады

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола полициясында дрондарды басқару дағдыларын жетілдіретін зертхана іске қосылды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР ІІМ

Ақмола облысының полиция департаментінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) басқару және қызметтік міндеттерді орындау кезінде тиімді пайдалану дағдыларын жетілдіруге арналған оқу-жаттығу зертханасы ашылды.

Жаңа зертханада полиция қызметкерлері дрондарды басқару бойынша практикалық дағдыларын жетілдіріп, оларды түрлі қызметтік жағдайда қолдануды үйренеді. Сондай-ақ арнайы жаттығу алаңында пилоттық шеберліктерін шыңдап, құрылғыларға техникалық қызмет көрсету және диагностика жүргізу тәртібін меңгереді.

— Ұшқышсыз аппараттардың басты артықшылығы – қысқа уақыт ішінде ауқымды аумақтарды, соның ішінде жетуі қиын жерлерді зерттеуге мүмкіндік беруі. Жоғары ажыратымдылықтағы камералармен және жылу түсіргіш құралдармен жабдықталған дрондар тәуліктің қараңғы уақытында да іздестіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді, — дейді тәртіп сақшылары.

Бұл технологиялар полиция қызметінде қазірдің өзінде тиімді қолданылып келеді. Жыл басынан бері дрондар жоғалған азаматтарды іздеу кезінде 12 рет, ауыл шаруашылығы жануарларын іздестіру барысында 21 рет пайдаланылған.

Бұдан бөлек, ұшқышсыз аппараттарды күдіктілерді іздеу, аумақты шолу және оқиға орындарын зерделеу кезінде қолдануға болады.

Заманауи технологияларды полиция жұмысына енгізу іздестіру шараларының тиімділігін арттырып, үлкен аумақтарды қысқа мерзімде қамтуға және оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын ШҚО полициясы дауысы бар дрондарды іске қосқанын жазғанбыз.