Ақмолада орман өртімен ондаған адам мен техника күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 8 қыркүйекте Ақмола облысындағы «Отрадненское» КММ-нің Ақбұлақ орманшылығы аумағында орман өрті тіркелді.

Видеодан алынған кадр

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, өрт ошағы уақытылы анықталып, оны сөндіруге қажетті күштер мен техника жедел жұмылдырылған. Қазір мамандар өртті оқшаулап, толық сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

— Өртпен күреске мемлекеттік орман күзетінің 6 техникасы мен 13 қызметкері, сондай-ақ «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның 4 әуе десантшысы және су төгетін құрылғымен жабдықталған бір тікұшақ тартылды, — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қосымша күш ретінде оқиға орнына мемлекеттік орман күзетінің тағы 4 техникасы, Төтенше жағдайлар департаментінің 8 техникасы мен 21 қызметкері, сондай-ақ су төгетін құрылғымен жабдықталған Ми-8 тікұшағы жіберіліп жатыр.

Министрлік өкілдерінің мәліметінше, өрттің дер кезінде анықталуы мен орман күзетінің жедел әрекеті қажетті күштерді оқиға орнына уақытылы жеткізуге мүмкіндік берген.

Еске салайық, 7 қыркүйекте еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында төрт орман өрті тіркелгенін хабарлағанбыз.