Елімізде бір күнде төрт орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — 7 қыркүйекте еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында төрт орман өрті тіркелді.

орман өрт
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Өрттің біреуі Шығыс Қазақстан облысында, екеуі Қостанай облысында, тағы бірі Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, орман алқаптарындағы өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК жүргізетін әуе патрульдеуі және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты бақылауы барысында дер кезінде анықталған.

Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтар мен арнайы техника жұмылдырылды.

— Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде барлық өрт толық тоқтатылып, жалынның одан әрі таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда, — делінген хабарламада.

 Мамандар азаматтарды орманда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға үндеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы Іле орманшылығында шыққан өрт толық сөндірілгенін жазғанбыз.