Ақмолалық шенеунік жетім балаға арналған пәтерде екі жыл тұрды
АСТАНА. KAZINFORM — Прокуратура Ақмола облысында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй құқықтарының бұзылуын анықтады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
— Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, осы санаттағы балалардың баспана алуға басым құқығы бар. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығын бұзды, — деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.
Осылайша, ведомствоның мәліметінше, 33 бала тіркеуден заңсыз шығарылды, тағы сегізі кезекке дер кезінде қойылған жоқ. Бір балаға тіпті баспана алуға рұқсат етілмеген.
Мәселен, аудан орталықтарының бірінде мемлекеттік мекеме басшысы жетім балаға арналған пәтерде екі жыл тұрып келді.
— Қадағалау актісіне сәйкес пәтер қайтарылып, балаға берілді, қазіргі кезде басқа балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды ведомстводан.
Бұған дейін Көкшетауда жағалау құрылысы кезінде 170 млн теңге ұрланғанын жазған болатынбыз. Ақмола облысы прокуратурасының хабарлауынша, Көкшетау қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің және «М-Строй проект» ЖШС техникалық қадағалау бөлімінің бұрынғы басшылары, сондай-ақ «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС мердігерлік ұйымының іс жүзіндегі иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.