Әкімшілік рақымшылық 21 млрд теңге айыппұлды есептен шығаруға мүмкіндік береді

АСТАНА. KAZINFORM — 500 мыңнан астам адам пен 2 мыңнан астам бизнес субъектісі әкімшілік рақымшылыққа ілігеді.

Фото: Pexels

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар әкімшілік рақымшылық аясында қамтылатын кәсіпкерлер мен жалпы қанша сомадағы айыппұл есептен шығарылатынын сұрады.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбайдың айтуынша, әкімшілік рақымшылық аясында жалпы 1,47 миллионға жуық әкімшілік құқық бұзу дерегі жабылады. Бұл тұрғыда жалпы сомасы 21,1 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылады.

- Мемлекеттік кірістер комитеті бойынша жалпы сомасы 446 миллион теңгені құрайтын 4 мыңнан астам, Әділет министрлігі бағытында 16 миллион теңгені құрайтын 561 құқық бұзу дерегі қамтылса, ал басқа ведомстволар бойынша жалпы сомасы 500 миллион теңгеден астам 3 мыңға жуық құқық бұзу дерегі қамтылды, - деді С. Нұрлыбай.

Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ІІМ бойынша 500 мыңнан астам адам әкімшілік рақымшылықпен қамтылатынын айтты. 

- 17 млрд теңгеден астам сомаға 1 млн-нан астам айыппұл есептен шығарылады. Есірткі мен қарудың заңсыз айналымына, сот шешімдеріне, қайталама шешімдерге, жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзуға, сондай-ақ азаматтарымыздың қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттерге байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтарға рақымшылық қолданылмайтынын атап өткен жөн, - деді С. Әділов. 

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзіне қарағанда, рақымшылықтың жеке баптары бойынша 2370-ке жуық кәсіпкерлік субъектісі қамтылуы мүмкін.

- Рақымшылық мемлекеттік сатып алумен байланысты заң бұзу деректерін, сондай-ақ салық салынатын ныасандарды қасақана жасырумен байланысты салық заңнамасын бұзу әрекеттерін қамтымайтынын атап өткім келеді», - деді вице-министр. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 15 мың қылмыстық жазасын өтеушіге рақымшылық жасалады.