Ақпараттық соғыс: АҚШ мемлекеттік хатшысы мен Куба арасында «айтыс» басталды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Куба АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырғанын және екі ел арасында бейбіт келісімге келу ықтималдығы «аса жоғары емес» екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС .

Фото: Wikipedia

Бұл мәлімдеме АҚШ билігі Кубаның бұрынғы президенті Рауль Кастроны 1996 жылы америкалық азаматтар қаза тапқан екі ұшақтың атып түсірілуіне байланысты кісі өлтірді деп айыптағаннан бір күн өткен соң жария болды.

Марко Рубио Вашингтон үшін дипломатиялық шешім басты таңдау болып қала беретінін айтты. Алайда ол АҚШ президенті Дональд Трамптың елді кез келген қауіптен қорғауға құқығы мен міндеті бар екенін ескертті.

Кубаның Сыртқы істер министрі Бруно Родригес Рубионы «өтірік айтты» деп айыптап, арал мемлекеті ешқашан АҚШ-қа қауіп төндірмегенін мәлімдеді.

Бейсенбі күні журналистер алдында сөйлеген Марко Рубио:

– Кубамен дипломатия әлі де біздің басым бағытымыз болып қала береді. Бірақ қазіргі таңда кіммен жұмыс істеп отырғанымызды ескерсек, мұндай келісімге қол жеткізу ықтималдығы төмен, – деді.

Сонымен қатар ол Кубаны «бүкіл аймақтағы терроризмді қолдайтын негізгі мемлекеттердің бірі» деп атады. Бұл мәлімдемені Бруно Родригес X әлеуметтік желісіндегі жазбасында үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Куба сыртқы істер министрі Марко Рубионы «әскери агрессияны арандатуға тырысып отыр» деп айыптап, АҚШ билігі Кубаға қарсы «қатігез әрі жүйелі шабуыл» жасап жатқанын мәлімдеді.

Қазір Кубада жанармай тапшылығы күшейіп отыр. Ел АҚШ-тың мұнай блокадасының салдарынан ауыр дағдарысты бастан кешіріп отыр. Сонымен қатар Дональд Трамп әкімшілігі Гаванаға келісім жасау үшін қысымды күшейте бастады.

Соңғы айларда Куба тұрғындары ұзаққа созылған электр жарығының өшуі мен азық-түлік тапшылығына тап болды.

Марко Рубио Кубаның АҚШ ұсынған 100 млн доллар көлеміндегі гуманитарлық көмекті қабылдағанын айтты. Ал Дональд Трамп бұған дейін Кубаға қысым көрсетуді бірнеше рет күшейтіп, елдегі коммунистік режимді құлату мүмкіндігін ашық талқылады.

Сәрсенбі күні Кубаның бұрынғы президентіне айып тағылуы кейбір сарапшыларға Дональд Трамптың қаңтар айында Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы әрекеттерін еске салды.

Журналистер Рауль Кастроны АҚШ-қа қалай жеткізетіні туралы сұрағанда Марко Рубио:

– Егер біз оны мұнда жеткізуге тырысып жатсақ, жоспарымызды неге БАҚ-қа айтуымыз керек, – деп жауап берді.

Сәрсенбі күні Майамиде айыптарды жариялаған АҚШ әділет министрінің міндетін атқарушы Тодд Бланш:

– Біз оның АҚШ-қа өз еркімен немесе басқа жолмен келетінін күтеміз, – деді.

Ал Дональд Трамп Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында Кубаны «сәтсіз мемлекет» деп атап, өзінің әкімшілігі оларға «гуманитарлық негізде» көмектесуге тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, кубалық америкалықтар «өз еліне оралып, Кубаның табысты болғанын қалайды».

– Басқа президенттер бұл мәселеге 50-60 жыл бойы қарап келді. Бірақ мұны жүзеге асыратын мен болатын сияқтымын. Сондықтан мұны істеуге қуана келісер едім, – деді Дональд Трамп.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Рауль Кастро мен Кубаның бес азаматына айып таққанын жаздық. Сондай-ақ Трамп әкімшілігі Кубаға қарсы әскери күш қолдануды қарастырып жатқаны да хабарланды.