ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында жеке тұрғын үй отқа оранды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 25 қаңтар күні кешкісін Северная көшесінде болды.
Хабарлама түскен бойда оқиға орнына ТЖД күш-құралдары дереу жіберілді.
- Өрт сөндірушілер келіп жеткен мезгілде тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Өрт сөндіру барысында үй ішінен үш адамның денесі табылып, шығарылды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 14 адам, 3 техника жұмылдырылды. 90 шаршы метрді қамтыған өрт толықтай сөндірілді. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталу үстінде, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тұрғын үйдегі өрттер саны көбейіп отырғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).