ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында 4 адам вахталық жұмысқа жалған вакцина құжатымен келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазіргі кезде ҚР ҚК 385-бабына (жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адамға 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.
Полиция қызметкерлері анықтағанындай, жалған вакцина құжатын пайдаланғандар мыңдаған адам жұмыс істейтін нысанда қызмет атқарған. Осылайша олар басқалардың өміріне қауіп төндірген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жалған вакцина құжатын пайдаланған адамның ұсталғанын, БҚО-да соңғы төрт тәулікте 335 адамнан індет анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 209 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).