ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақсай қаласында 55 жастағы ер адамды өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінен түскен мәліметке қарағанда, Ақсайда 5-шағынауданда зорлықпен өлтірілген 1966 жылғы ер адамның мүрдесі табылды.
Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Махсұдхан Аблазимовтың айтуынша, жедел іздестіру іс-шаралары барысында 1992 жылғы күдікті қолға түсті.
Куәлардың сөзіне қарағанда, екі ер адам үй ауласында бірге арақ ішкен. Сосын адам аяқ баса қоймайтын жерге барып, бір-бірімен сөзге келген.
Тергеу барысында анықталғанындай, керіс соңы төбелеске ұласып, күдікті жәбірленушінің басынан бірнеше рет ұрып, кетіп қалған. Содан кейін танысының үйіне барған кезде тәртіп сақшыларымен ұсталған.
Қазіргі кезде уақытша ұстау изоляторына қамалған күдіктіге қатысты ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жүк көлігі аударылып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).