ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында гараждағы автокөлік жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 28 қазан күні сағат 09.37-де орын алды.
Молодежная көшесіндегі гаражда «ВАЗ-21099» автокөлік түгелдей жанып кетті.
Өрт 09.56-да сөндірілді. Оған №9 өрт сөндіру бөлімінен 6 адам, 1 техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ 27 қазан күні сағат 04.35-те Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында тұрғын үй өртенгені жөнінде хабар түскен. Оны сөндіруге 5 адам, 1 техника жұмылдырылды. «Тілсіз жау» сағат 05.59-да ауыздықталды.
Қос өрттен де зардап шеккендер жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үйдегі өрт орнынан 51 жастағы тұрғынның денесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).