Ақсай қаласында валюта айырбастаушыны өлтірген күдікті қамауға алынды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Ақсай қаласында кісі өлтірді деген күдікпен 28 жастағы жігіт қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, ақша айырбастаумен айналысқан азаматты өлтірген Бөрлі ауданының 1990 жылғы тұрғыны ұсталды.

Бейнекамераның көмегімен анықталып, қолға түскен күдіктіні екі айға қамауға алу жөніндегі бұлтартпау шарасын Бөрлі аудандық соты санкциялады.

Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес (кісі өлтіру) тергеу амалдары жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақсайда белгісіз біреудің қала тұрғынын пышақтап кеткенін, кейін ақша айырбастау пунктінен көптеген пышақ жарақаттарымен 1966 жылғы А. есімді азаматтың мүрдесі табылып, соған байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.

Мұндай оқиға Ақсайда бұдан бұрын да болған. 2015 жылы 8 қазан күні валюта айырбастаумен айналысқан ер адамды өз үйінің кіреберісінде атып кеткен еді. Бұл қылмыс әлі ашылған жоқ.