ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында жол апатынан 14 адам зардап шегіп, біреуі көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, кеше кешкісін жеңіл көлік жолаушылар таситын «ГАЗель» автокөлігімен түйісті.
«Жедел жәрдем сағат 18:21-де шақырылды. Жол апаты салдарынан барлығы 14 адам жарақат алды. Соның ішінде 72 жастағы әйел жарақаттары салдарынан ауруханада қайтыс болды. 64 жастағы әйелдің жағдайы орташа ауыр, ол хирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Қалған 12-сі амбулаториялық ем алуға жіберілді», - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, толығырақ ақпарат кейін берілетінін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын автокөлік қағып кеткен ер адамның жағдайы өте ауыр екендігін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).