ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында ер адам жұмыстасын ұрып өлтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, ауыр дене жарақаттары салдарынан 47 жастағы ер адам көз жұмды.
Пәтерде уақытша бірге тұрып жатқан екі ер адам бір-бірімен сөзге келген. Жанжал соңы төбелеске ұласқан. 49 жастағы ер адам әріптесін соққыға жыққан.
Соның салдарынан 47 жастағы ер адам Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жеткізілгенімен, жансақтау бөлімшесінде есін жия алмастан қайтыс болып кетті.
Күдікті мен жәбірленуші бірге жұмыс істеген. Қылмыс орын алған пәтерді бірге жалға алған.
Аталған оқиға бойынша қазіргі кезде ҚР ҚК 106-бабы 3- бөлігіне (абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 18 жастағы жүргізушінің кейуананы қағып, мерт қылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).