ОРАЛ. ҚазАқпарат – Ақсай қаласында Қызылорда облысының тұрғыны жерлесін пышақтап тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 21 мамыр күні шамамен сағат 18.00-де болды.
Қызылорда облысының 1993 жылғы тұрғыны 25 жастағы жерлесінің қолы мен кеуде тұсына пышақ сұққан.
«Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігіне (ауыр дене жарақатын келтіру) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі кезде жәбірленуші жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.
Осы оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде Ақсай қаласының 4-шағынауданында ер адамның жыныс мүшесін кесіп тастағаны жөнінде жалған ақпарат таралуда. Бұл аудиожазба шындыққа сәйкес келмейді. ҚР ҚК 274-бабына сәйкес көрінеу жалған мәлімет таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тұрғындар есіне саламыз», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кондиционер орнатып жатқан ер адамның 9-қабаттан құлап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).