НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Анна Данилина АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге алғашқы айналымда сербиялық Александра Крунич – Польша өкілі Магда Линетпен ойнады.
Қазақстандық-бразилиялық дуэт 6:2, 7:6 (7:4) есебімен басым түсті.
Бір сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында олар 3 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Анна Данилина мен Беатрис Хаддад Майя екінші айналымда испаниялық Алена Большова – норвегиялық Ульрикке Эйкеримен сынға түседі.
Елена Рыбакинаның жұптық сында да жолы болмады. Ол украиналық Ангелина Калининамен бірге өнер көрсетуі керек еді. Алайда ауырып қалған А.Калинина турнирге қатыса алмады. Е.Рыбакина мен А.Калининаны америкалықтар Кэтрин Харрисон – Ингрид Нил алмастырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Жібек Құламбаеваның Алматыдағы халықаралық турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
АҚШ ашық чемпионатында Юлия Путинцева жарыс жолынан шығып қалды.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).