Үш ел үкіметтерінің 6 қарашада жариялаған мәлімдемесіне сәйкес, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия мәселелері жөніндегі көмекшісі Брендан Ханрахан, Армения сыртқы істер министрінің орынбасары Ваан Костанян және Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Эльнур Мамедов TRIPP жобасын ілгерілетуге бағытталған үшжақты техникалық топтардың жұмысын бастады.
— Бұл формат үш елдің саяси шешім қабылдайтын өкілдері мен техникалық мамандарын біріктіріп, өңірдегі ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық белсенділікті арттыру, аймақтық коммуникацияларды дамыту және сауда-экономикалық өркендеуді нығайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық 2025 жылғы 8 тамызда Дональд Трамптың арағайындығымен қабылданған тарихи Бейбітшілік саммитінің декларациясының маңызын да айқындайды, — делінген мәлімдемеде.
Алғашқы кезеңде көлік және электр энергиясын жеткізу бағыттары бойынша екі техникалық топ құру туралы келісімге қол жеткізілді.
Аталған топтар күрделі техникалық мәселелерді шешумен, жобаны іске асырудың келесі кезеңдеріне дайындықпен, сондай-ақ маршрутты өңірдегі басқа инфрақұрылымдық желілермен біріктірумен айналысады.
Тараптар TRIPP жобасының барлық құрамдас бөлігін барынша қысқа мерзімде жүзеге асыруға бейілді екенін тағы да растады.
Еске салайық, бұған дейін Әзербайжан, Армения және АҚШ бейбіт келісімдерді жүзеге асыруға бейілді екенін растағанын хабарлаған едік.