Әзербайжан, Армения және АҚШ бейбітшілік келісімін орындау міндеттемесін растады
АСТАНА.KAZINFORM - Әзербайжан, Армения және АҚШ АҚШ президенті Дональд Трамп, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев және Армения премьер-министрі Никол Пашинянның қатысуымен Ақ үйдегі бейбітшілік саммитінің бір жылдығына орай бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бакудегі тілшісі.
Мәлімдемеде соңғы бір жыл ішінде тараптар Бейбітшілік туралы бірлескен декларацияны орындау үшін бірқатар қадам жасағаны айтылды. Атап айтқанда, Әзербайжан-Армения шекарасындағы тұрақтылық сақталды, қарым-қатынасты қалыпқа келтіру, шекараларды делимитациялау және сенімді нығайту процестері жалғасып жатыр.
Негізгі бағыттардың бірі ретінде - «Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» (TRIPP) аталды. Мәлімдемеге сәйкес, жоба іс жүзінде орындала бастады. Арменияда инженерлік зерттеу жұмыстары басталып, АҚШ пен Армения арасында бағытты дамыту үшін компания құру туралы келісімге қол жеткізілді, ал Әзербайжан TRIPP инфрақұрылымымен байланысу үшін өз аумағында автомобиль жолдары мен теміржолдар құрылысын аяқтады.
Мәлімдемеде сондай-ақ АҚШ-тың Транскаспий сауда бағытын дамытуға қосқан үлесі аталып өтті.
АҚШ Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азиядағы Орта дәлізді дамытуға жеке инвестицияларды тарту үшін Транскаспий кәсіпкерлік қорына 201 миллион доллар бөлді.
Құжатта Әзербайжан мен Армения арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту қадамы да сөз болды. Әзербайжан Арменияға қатысты транзиттік шектеулерді алып тастады, содан кейін бір жыл ішінде оның аумағы арқылы Арменияға және одан шамамен 60 000 тонна жүк тасымалданды. Әзербайжан сонымен қатар Арменияға 20 000 тонна мұнай өнімдерін жеткізді.
Екі елдің телекоммуникация операторлары аймақтық телекоммуникация инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға бағытталған интернет байланысы туралы келісімге қол қойды.
АҚШ, Әзербайжан және Армения екі елдің де халықаралық деңгейде танылған шекарасы шеңберіндегі егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтындығын және 8 тамыздағы бірлескен декларацияны толық орындау міндеттемесін растады.
Бұған дейін Армениядағы TRIPP жобасы Конституциялық соттың қарауынан өтетіні хабарланған болатын.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 8 тамызында Вашингтонда өткен үшжақты кездесуден кейін Әзербайжан, Армения және АҚШ көшбасшылары Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келісім туралы бірлескен декларация қабылдаған болатын.