АҚШ билігі бірнеше БАҚ-қа жазылудан бас тартпақ

Фото: oxu.az

АСТАНА. KAZINFORM —  АҚШ билігі «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» үшін AP, Reuters және AFP ақпарат агенттіктеріне жазылудан бас тартпақ, деп хабарлайды ВВС.

Бұл туралы Дональд Трамп тағайындаған АҚШ-тың Жаһандық медиа агенттігіндегі (USAGM) арнайы кеңесші Кари Лейк мәлімдеді.

— Бүгін мен агенттіктің Associated Press, Reuters және Agence France-Presse ақпарат агенттіктерімен келісімшарттарын бұзу процесін бастадым. Бұл салық төлеушілерге шамамен 53 миллион доллар үнемдеуге мүмкіндік береді. Біздің агенттіктің мақсаты — америкалық тарихты баяндау. Бұл жауапкершілікті басқа біреуге жүктеудің қажеті жоқ, — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

2022 жылғы деректерге сәйкес, АҚШ-та 153,8 миллион салық декларациясы тапсырылған. Демек, Лейк қолға алған шаралар әрбір салық төлеушіге орта есеппен 34 цент үнемдеуге мүмкіндік береді.

Дональд Трамп ақпанда өз әкімшілігі Илона Масктың бастамалары нәтижесінде үнемделген қаражаттың 20%-ын америкалықтарға қайтару мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.

Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті «миссия үшін аса маңызды емес» деп танылған жаңалықтарға барлық жазылымды тоқтатуға бұйрық берген. Ал үкімет тиімділігі департаменті (DOGE) үнемдеу саясаты аясында бірнеше америкалық БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландырудан ажыратып отыр.