Еңбек министрлігі ұсынған ережелерге сәйкес, жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алуға өтініш берген немесе жәрдемақы алатын адамдар аптасына кемінде бес рет жұмыс іздеуге, әртүрлі жұмыс берушілерге өтініш беруге міндетті болады.
Қазіргі уақытта АҚШ-тың көптеген штаттары аптасына екі-үш рет осындай өтініш беруді талап етеді, төрт штат қана бес мәрте жұмыс іздеуді талап етеді. Ал кейбір штаттарда жұмыссыздық жәрдемақысын алу үшін аптасына бір-ақ рет сәтсіз жұмыс іздеу жеткілікті.
Трамп әкімшілігі бұл өзгеріс бүкіл елде жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алушыларға бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету үшін қажет деп есептейді. Еңбек министрлігінің ұсынысында апта сайынғы жұмыс іздеудің ұлттық стандарты «бағдарламаның тұтастығын жақсартады және еңбек нарығымен байланысты нығайтады» делінген. Еңбек қорғаушылары жұмыс іздеу ережелеріне енгізілгелі отырған өзгерісті сынға алып, жұмыссыз жұмысшылар үшін жаңа шекті орындау қиын болады деп мәлімдеді.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, ұсынылған талапты әртүрлі әрекеттер арқылы орындауға болады. Мысалы, әлеуетті жұмыс берушімен байланысудан басқа, жұмыс іздеу жұмыспен қамту агенттігінде немесе кәсіподақта тіркелуді де қамтуы мүмкін.
Бұған дейін Германияда жұмыссыздар саны 3 миллионға жуықтағанын хабарлаған едік.