Германияда жұмыссыздар саны 3 миллионға жуықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Германияда еңбек нарығындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Қазан айында жұмыссыздар саны азайғанына қарамастан, олардың жалпы саны 3 миллионға жуық деңгейде сақталды, деп хабарлайды BILD.


рост безработицы
Фото: freepik

Германияның Федералдық еңбек агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы қазанда елде 2 миллион 955 мың жұмыссыз тіркелген. Бір айда олардың саны 40 мың адамға азайғанымен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44 мың адамға өскен.

Жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайыз. Сонымен қатар маусымдық факторларды ескере отырып түзетілген деректер бойынша жұмыссыз азаматтардың саны 4 мың адамға артқан.

Федералдық еңбек агенттігінің басшысы Андреа Налес елдегі экономикалық жағдай еңбек нарығының қалпына келуіне әлі де кедергі келтіріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазан айында жұмыссыздар санының азаюы мардымсыз болған.

Жұмыспен қамтылғандар саны да төмендеп келеді. Қыркүйек айында Германияда 45,77 миллион адам жұмыс істеген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 211 мың адамға аз.

Сонымен қатар жұмысқа орналасуға арналған бос орындар саны қысқарған. Қазан айында жұмыс берушілер 654 мың бос жұмыс орнын ұсынған. Қыркүйекпен салыстырғанда олардың саны 6 мыңға азайды.

Жұмыс күшіне сұраныстың төмендеуіне байланысты жұмыссыздық бойынша сақтандыру төлемдерін алатын азаматтардың саны артқан. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 88 мың адамға өсіп, 1 миллион 65 мыңға жетті.

Ал еңбекке қабілетті, негізгі әлеуметтік көмек алатын азаматтардың саны 172 мың адамға қысқарып, 3 миллион 659 мыңды құрады.

Бұған дейін әлемде шамамен 800 миллион жас жұмыссыз қалу қаупіне тап болғаны хабарланған еді.

Айта кетелік Германия мигранттарға арналған неміс тілі емтиханының талаптарын қатаңдатады.