АҚШ елшісі Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіндегі рөлін атады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Астанадағы АҚШ Елшілігінде өткен ресми баспасөз мәслихатында Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіру мәселелерімен айналысатын Бейбітшілік кеңесіндегі маңызды рөлін атап өтті.
Дипломаттың айтуынша, Бейбітшілік кеңесі – Газа секторын қалпына келтіру мен қайта жаңғыртуға бағытталған жаңа әрі инновациялық бастама.
Ол Қазақстанның құрылтайшы мемлекеттердің қатарында болуына қатысты пікір білдірді.
– Бұл – тамаша әрі заңды құбылыс. Себебі Қазақстан әрдайым көпжақты дипломатияның алдыңғы қатарында келеді, – деді Джули Стаффт.
Елші АҚШ Президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалпына келтіру жұмыстары қалай жүзеге асуы тиіс деген ұстанымына ерекше мән беретінін атап өтті.
– Президент Трамп шынымен де Президент Тоқаевтың қалпына келтіру үдерісін ілгерілету және оның алдағы жылдары қалай жүзеге асатыны жөніндегі көзқарасын құрметтейді, – деді ол.
Джули Стаффт көшбасшылар бұл мәселені кеңінен талқылағанын және алдағы уақытта да пікір алмасуды жалғастыратынын жеткізді.
Қорытындылай келе, елші Қазақстан мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейбітшілік кеңесіндегі рөлі өте маңызды екенін атап өтті.
Еске салайық, 2026 жылғы 22 қаңтарда АҚШ Президенті Дональд Трамп Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Бейбітшілік кеңесінің құрылғанын ресми түрде жариялап, өзге елдерді бастамаға қосылуға шақырған болатын. Кеңес жарғысына 19 елдің көшбасшылары, соның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ елшісі Джули Стаффтті қабылдағаны хабарланған еді.