АҚШ есірткі картелінің жаңа басшысы туралы ақпарат үшін ірі сыйақы белгіледі

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ үкіметі Мексикадағы ең ықпалды есірткі картелінің жаңа жетекшісі саналған, АҚШ азаматы Хуан Карлос Гонсалесті, лақап аты «Пелонды», ұстауға көмектесетін ақпарат үшін 25 млн доллар көлемінде сыйақы ұсынды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі NBC News-ке сілтеме жасап хабарлады.

Фото: EAGLE.mn

Сыйақы көлемі бұрынғы 5 млн доллардан 25 млн долларға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар Дональд Трамп әкімшілігі «Халисконың жаңа буын картелі» (Cartel de Jalisco Nueva Generación, CJNG) жетекшілері туралы ақпарат үшін жалпы сомасы 100 млн доллар көлемінде сыйақы жариялап, картель мүшелерінің туыстары мен іскерлік серіктестеріне АҚШ визаларын беруге шектеу енгізді.

CJNG АҚШ шетелдік террористік ұйым деп таныған Мексиканың сегіз есірткі картелінің қатарына кіреді.

Биыл ақпанда картель жетекшісі Немесио Рубен Осегера Сервантес, лақап аты «Эль Менчо», Мексика әскери күштерінің операциясы кезінде қаза тапқан болатын. Бұл операцияға АҚШ барлау қызметі ақпараттық қолдау көрсеткен. Операциядан кейін Халиско штатында зорлық-зомбылық күшейген.

Хабарланғандай, Осегера Сервантестің өгей ұлы әрі АҚШ пен Мексиканың қос азаматы Хуан Карлос Гонсалес картельдің басқаруын өз қолына алған. Ұйым есірткі өндірісі мен контрабандасынан бөлек, авокадо өндірісі сияқты заңды бизнес салаларында да қызмет етеді.

CJNG Мексикадағы ең ірі есірткі картелі саналады. Ол елдің 32 штатының 21-інде әрекет етеді, сондай-ақ оның қызметі АҚШ-ты қоса алғанда бірнеше мемлекетке таралған.

Дональд Трамп әкімшілігі Мексика президентінің үкіметіне есірткі картельдеріне қарсы күресті күшейту жөнінде қысымды арттырып отыр. Ақ үй бұл қылмыстық топтарға қарсы әскери шаралар қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Бұған дейін Трамп Латын Америкасының есірткі картельдеріне қарсы әскери одақ құратынын жариялаған болатын.