АҚШ Иран маңындағы кемелерге тосқауыл қоя бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық әскери күштер 13 сәуірде Иран маңындағы теңіз қатынасын шектеу шараларын енгізеді, деп хабарлайды ТАСС.

Фото: Altaf Qadri/AP Photo/picture alliance

Американың Қарулы күштері 13 сәуірден бастап АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) «теңіз блокадасы» деп атаған әрекеттерге кіріседі. Бұл шаралар Иран порттарымен байланысы бар барлық кеменің қозғалысын шектеуге бағытталған.

Шектеулерге тіркелген еліне қарамастан, Иран порттарына кіріп-шығатын барлық кеме ілігеді.

CENTCOM мәлімдемесінде операциялар АҚШ-тың шығыс жағалауы уақыты бойынша сағат 10:00–де басталатыны айтылған.

— CENTCOM күштері президент жарлығына сәйкес Иран порттарына кіретін және шығатын бүкіл теңіз қозғалысына блокада бастайды, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ әрекеттердің әмбебап сипатта болатыны және барлық елдердің кемелеріне таралатыны атап өтілді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News-ке берген сұхбатында бірқатар мемлекет Вашингтон бастамасын қолдауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, шаралардың мақсаты — Иранның мұнай экспортынан түсетін табысын шектеу.

— Біз Иранға өзіне ұнаған елдерге мұнай сатып, табыс табуына жол бермейміз, — деді Трамп.

Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын толық бақылауда ұстап отырғанын хабарлаған. Тегеран бұл стратегиялық маңызды аймақта әскери-теңіз күштері жағдайды толық бақылап отырғанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Иран мен АҚШ Пәкістандағы келіссөздерде соғысты тоқтату туралы келісімге келе алмады.