АҚШ Иранмен сауда жасайтын елдерден келетін тауарлардан баж салығын алады

Фото: Yonhap

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Ираннан тауар немесе қызмет сатып алатын елдерден әкелінетін өнімдерге қосымша кедендік баж салығын енгізу мүмкіндігін көздейтін атқарушы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.

Құжатта АҚШ аумағына импортталатын және Ираннан тауарлар мен қызметтерді тікелей немесе жанама түрде сатып алатын, импорттайтын не өзге жолмен алатын мемлекеттерде өндірілген өнімдерге қосымша адвалорлық (тауар құнына пропорционалды) баж салығы қолданылуы мүмкін екені нақтыланған. Мәселен, оның мөлшері 25 пайызды құрауы ықтимал.

Аталған шаралар 7 ақпаннан бастап күшіне енеді.

Сондай-ақ жарлықта Вашингтон әкімшілігі бұған дейін енгізілген және Иранға қарсы басқа да экономикалық шектеулердің құқықтық негізі ретінде қолданылып келген төтенше жағдай режимін ұзарту қажет деп санайтыны атап өтілген.

Құжатта Тегеранның саясаты «АҚШ үшін әлі де әдеттен тыс әрі төтенше қауіп төндіреді» деп көрсетілген.

Еске сала кетейік, Иран мен АҚШ Оманда келіссөздердің кезекті раундын аяқтады. Бұл кездесулер өткен жылы Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыс барысында АҚШ-тың ирандық ядролық нысандарға жасаған соққыларынан кейінгі шиеленістен соң өткен алғашқы тікелей дипломатиялық байланыс болды. Келіссөз әскери шиеленістің қаупі мен Вашингтон мен Тегеранның қатаң мәлімдемесі аясында өтіп жатыр.