АҚШ канадалық импортқа 100% баж салығын енгізуі мүмкін

Фото: Freepik

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Канада Қытаймен сауда келісімін жасаса, одан келетін тауарларға 100 пайыздық баж салығын енгіземіз деп қорқытты, деп хабарлайды CBS News.

Ол бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде Канаданың премьер-министрі Марк Карни Канаданы АҚШ-қа бағытталған қытайлық тауарлар үшін «тасымалдау пунктіне» айналдыра аламын деп ойласа, «қатты қателеседі» деп жазды.

— Егер Канада Қытаймен келісімге қол қойса, Америка Құрама Штаттарына кіретін барлық канадалық тауарларға дереу 100 пайыздық баж салығы салынады, — деді Трамп.

Жағдай әлі күнге жалғасып жатқан сауда шиеленісі аясында үдей түсті: Канада ауылшаруашылық өнімдеріне импорттық тарифтердің төмендеуіне айырбас ретінде Қытайдың электр көліктеріне тарифтерді төмендету туралы келісімге қол қойды. Трамп бастапқыда келісімді «жақсы қадам» деп атап, «Карни дұрыс әрекет жасады» деп есептеген болатын.

Дегенмен, АҚШ президентінің қоқан-лоққылары оның Карнимен жеке жанжалының күшеюімен сәйкес келді. Давоста Трамп «Канада АҚШ-тың арқасында өмір сүріп жатыр» деп мәлімдеген еді, оған Канада басшысы оның елі өзінің тәуелсіздігін әлемге паш етіп жатыр және «авторитарлық ықпалға бой алдыруға бейім емес» деп жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, Трамп Карнидің жаңадан құрылған президенттік Бейбітшілік кеңесіне қосылуға шақыруын қайтарып алып, оны әлеуметтік желіде «Канаданың ең беделді шақыруын қайтарып алу» деп сипаттады.

Елдер арасындағы шиеленіс Трамптың "Канаданы АҚШ-қа қосу" туралы бірнеше рет айтқан ұсынысының, сондай-ақ Канада, Гренландия, Венесуэла және Куба АҚШ-тың бір бөлігі ретінде ұсынылған картаны әзіл-қалжыңмен өңдеуінің аясында күшейе түсті.

Қазіргі уақытта Канада мен АҚШ Трамп енгізген бірқатар тарифтерді төмендету туралы келісімге қол жеткізген жоқ.

Еске салайық, Қытай былтыр канадалық тауарларға қосымша баж салығын енгізген болатын.