АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, Вашингтон мен Тегеран сейсенбі немесе сәрсенбі күндері Ормуз бұғазы арқылы еркін кеме қатынасын қалпына келтіру туралы келісімге келуі мүмкін.
АҚШ Қаржы министрі Ормуз бұғазы алдағы екі күнде ашылуы мүмкін екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтон Иранмен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта жандандыру мәселесі бойынша келіссөздерде ілгерілеушілік бар екенін хабарлады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Оның сөзінше, ықтимал келісім коммерциялық кемелер үшін еркін жүзу мүмкіндігін қарастыруы тиіс. Иранның бұғаз арқылы өту үшін ақы алуы мүмкін бе деген сұраққа министр негізгі мәселе навигация еркіндігіне қатысты екенін атап өтті.
Кейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иран және Оманмен жүргізіліп жатқан келіссөздерде ілгерілеу бар екенін растады. Алайда тараптар әзірге түпкілікті келісімге келген жоқ.
— Бұл келіссөздерде алға жылжу бар, бірақ соңғы нәтиже әлі жоқ. Біз оған жақын арада қол жеткіземіз деп үміттенеміз, — деді Рубио журналистерге.
Сонымен қатар Катар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мажид әл-Ансари делдалдық жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар шиеленісті азайтуға, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруге және дипломатиялық үдеріске қайта оралуға басымдық беріп отыр.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келіссөздердің қайта басталғанын хабарлаған еді.
Алайда Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи бұған дейін Вашингтонмен келіссөздер жүргізіліп жатқанын жоққа шығарған. Оның айтуынша, Тегеран Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесі бойынша тек Оманмен консультациялар өткізіп жатыр.