АҚШ Қытай мен Ресейдің озық AI чиптеріне қол жеткізуін шектемек: жаңа ереже нені өзгертеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қытай, Ресей және Иран сияқты бірқатар елдердің өзге мемлекеттерде орналасқан деректер орталықтары арқылы ең озық жасанды интеллект чиптеріне қол жеткізу мүмкіндігін шектейтін жаңа ереже әзірлеп жатыр. Бұл туралы Euronews жазды.

Фото: Kazinform\ЖИ

Дүйсенбі күні АҚШ Сауда министрлігінің Өнеркәсіп және қауіпсіздік бюросы (BIS) озық есептеу жүйелеріне, сондай-ақ суперинтеллект (SI) технологияларына арналған чиптер мен серверлерге қашықтан қол жеткізуді реттейтін уақытша түпкілікті ережені жариялады.

Бюро мәлімдемесінде бұлтты есептеу технологиялары мен суперинтеллект инфрақұрылымының қарқынды дамуы АҚШ-тың озық есептеу қуаттарын қашықтан пайдалануды жеңілдеткені айтылған. Мұндай мүмкіндік тіпті АҚШ-тың экспорттық шектеулері қолданылатын елдерден тыс орналасқан деректер орталықтары арқылы да жүзеге асырылып келген.

АҚШ бұған дейін Қытайдың жасанды интеллект саласындағы бәсекелестікте басымдыққа ие болуына жол бермеу мақсатында елге ең озық чиптерді сатуға шектеу қойған еді. Бұл шара бұрынғы президент Джо Байден тұсында қабылданып, CHIPS заңымен бекітілген.

Алайда кейбір елдер америкалық шектеулерді айналып өту жолын тапқан. Қытай компаниялары Nvidia сияқты өндірушілердің ең озық чиптерін тікелей сатып ала алмағанымен, оларды Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі деректер орталықтарынан жалға алып пайдаланған.

Жаңа ережеге сәйкес, шетелдік деректер орталықтары өз клиенттерінің сенімділігін міндетті түрде тексеруге тиіс. Бұл шара аталған елдердегі компаниялардың америкалық чиптерді озық жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін пайдалану мүмкіндігін шектеуге бағытталған.

Сонымен қатар Қытай, Ресей және Иран сияқты тәуекелі жоғары елдерде бас кеңсесі орналасқан компанияларға айтарлықтай көлемде есептеу қуатын ұсынатын шетелдік деректер орталықтарының қызметіне де шектеулер енгізіледі.

Жаңа талап 90 күннен кейін күшіне енеді. АҚШ әкімшілігінің мәліметінше, контрабанда қаупі жоғары елдердегі компанияларға озық чиптерді экспорттау үшін арнайы лицензия талап етіледі. Олардың қатарында Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд және Бразилия бар.

Бұл шектеулер Nvidia компаниясына қатысты тыңшылық күдігі туындаған тұста енгізіліп отыр. Америкалық тергеушілер Сингапурдың Megaspeed бұлтты қызметтер компаниясы Қытайдағы клиенттеріне экспорттық бақылауға жататын Nvidia чиптерін алуға көмектесті ме деген мәселені тексерген.

Nvidia компаниясының негізін қалаушылардың бірі Дженсен Хуанг өткен аптада бас директор қызметінен кеткен болатын. Бұған оның Megaspeed компаниясының бұрынғы басшысы Элис Хуангпен некеден тыс қарым-қатынаста болғанын мойындауы себеп болған. Элис Хуанг Қытай мүддесі үшін тыңшылық жасады деген күдікке ілінген. Алайда оның Дженсен Хуангпен туыстық байланысы жоқ.

Өз кезегінде Megaspeed компаниясы Қытайға чип жеткізді деген айыптауларды жоққа шығарды.

АҚШ-тың бұл қадамы президент Дональд Трамптың Қытайға жоспарланған сапары қарсаңында жасалып отыр. Сапар аясында экономикалық саммит өтіп, америкалық көшбасшы Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі.

Бұған дейін Трамп Қытайдың тыңшылық әрекетіне қатысты мәселені Си Цзиньпинмен талқылауы мүмкін екенін жаздық.