АҚШ Конгресі үшін күрес: негізгі тартыс қай штаттарда өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та аралық сайлауда Конгрестегі басымдық үшін республикашылдар мен демократтар сайлау бәсекесіне кірісті.

Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Сайлау учаскелерінің жұмыс уақыты штат пен округке қарай әртүрлі белгіленген. Мәселен, Вашингтон қаласы, Вирджиния және Мэриленд штаттарында дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00–де басталып, кешкі 20:00–де аяқталады. Сайлаушылар АҚШ Өкілдер палатасының мүшелері мен Сенаттың бір бөлігін сайлайды.

Сайлау нәтижесінде АҚШ Конгресін бақылау президент Дональд Трамп жетекшілік ететін республикашылдарда қала ма, әлде оппозициялық демократтарға өте ме — сол анықталады. Бұл сондай-ақ президенттің заң шығарушы билік арқылы өз саяси бағдарламасын жүзеге асыру мүмкіндігіне ықпал етеді.

Сенат үшін күрес

Бұл сайлау науқанында Сенаттағы 100 орынның 33-і қайта сайланады. Бұған қоса, тағы екі орын бойынша кезектен тыс сайлау өтеді. Кезекті сайлау науқанына түскен 33 орынның 13-і демократтарға, ал 20-сы республикашылдарға тиесілі.

Сенаттағы бақылауды өз қолына алу үшін демократтар қазіргі орындарының барлығын сақтап қана қоймай, қосымша төрт орынға ие болуы керек.

Сайлауға дейін Сенаттағы орын саны республикашылдарда 53, ал демократтар мен олардың фракциясына кіретін тәуелсіз сенаторларда 47 болды. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс республикашыл болғандықтан, сенаторлар дауысы тең бөлінсе, шешуші дауыс беру құқығы соған беріледі. Осы себепті демократтар Сенатта басымдыққа ие болу үшін кемінде 51 орын иеленуі қажет.

Сенаттағы орындар үшін бәсеке Аляска, Огайо, Айова, Техас және Канзас штаттарында қыза түспек.

Өкілдер палатасы үшін тартыс

АҚШ Өкілдер палатасының барлық 435 округінде сайлау өтеді. Демократтар Палатада көпшілік орынға ие болу үшін тағы үш округте жеңіске жетуі керек.

Ballotpedia дерегінше, 46 сайлау округі (12 пайыз) негізгі саяси тартыс алаңына айналмақ. Оның 25-інде демократтар, 21-інде республикашылдар басымдыққа ие. Ең тартысты сайлау 22 штатта өтеді. Атап айтқанда, Аризонада — 2, Калифорнияда — 9, Колорадода — 2, Флоридада — 3, Иллинойста — 1, Айовада — 2, Мэнде — 1, Мичиганда — 3, Монтанада — 1, Небраскада — 1, Невадада — 1, Нью-Гэмпширде — 1, Нью-Джерсиде — 2, Нью-Мексикода — 1, Нью-Йоркте — 4, Солтүстік Каролинада — 2, Огайода — 2, Пенсильванияда — 2, Техаста — 2, Вирджинияда — 2, Вашингтонда — 1 және Висконсинде — 1 округ.

Бұған дейін АҚШ Конгресіне аралық сайлау басталғанын хабарлаған едік.