Аталған құжат 9 қарашада ұсынылды. 34 беттен тұратын қарарда министрге сегіз айып тағылған. Оның үшеуі Иранға қарсы әскери әрекеттерге қатысты.
Томас Мэссидің пікірінше, Пит Хегсет Конгрестің рұқсатынсыз әскери операция бастап, заң шығарушылардың талабына қарамастан соғыс қимылдарын жалғастыру арқылы АҚШ заңнамасын бұзған.
Бұдан бөлек құжатта АҚШ-тың Йемендегі әскери операциялары, Кариб теңізінде есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген кемелерге жасалған шабуылдар және Венесуэла президенті Николас Мадуроны тұтқындау мәселелері де қамтылған.
— Ол Конгрестің соғыс жариялау құқығына қатысты қарарларын аяқасты етіп, шетелдік көшбасшыларды ұрлауға барады. Бұған қоса, Трамп әкімшілігін сынаған азаматтарды сөз бостандығын пайдаланғаны үшін қорқытып, қудалайды. Мұның бәрі оның қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып отырғанын көрсетеді, — деді Мэсси.
АҚШ президенті Дональд Трамп Пит Хегсетті қолдап, Қорғаныс министрі өз міндетін жақсы атқарып жүргенін мәлімдеді. Ал Хегсеттің өзі импичмент жариялау әрекеттеріне алаңдамайтынын айтты.
Өкілдер палатасы бастаманы осы аптаның ішінде қарауды жоспарлап отыр. Импичмент жариялау туралы шешім қабылдау үшін палата депутаттарының жай көпшілік дауысы жеткілікті. Егер қарар мақұлданса, ол Сенаттың қарауына жіберіледі. Министрді қызметінен шеттету үшін сенаторлардың кемінде үштен екісі қолдауы керек.
АҚШ Өкілдер палатасы келесі аптада Пентагон басшысы Пит Хегсетке импичмент жариялауды дауысқа салуы мүмкін екені хабарланған болатын.