АҚШ-та сайлаудағы жеңілістен кейін Пентагон басшысына импичмент жариялануы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Өкілдер палатасы келесі аптада Пентагон басшысы Пит Хегсетке импичмент жариялауды дауысқа салуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.

АҚШ-та сайлаудағы жеңілістен кейін Пентагон басшысына импичмент жариялануы мүмкін
Фото: youtube.com/watch?v=bI5_dTJkIio\скрин

Республикалық партияның аралық сайлаудағы жеңілісінен кейін «қызылдар» арасында АҚШ Қорғаныс министріне қатысты сын күшейе түсті. Көптеген республикашылдар Хегсет президент Дональд Трампты Иранмен соғысты бастауға көндірді, бірақ оның туындауы мүмкін саяси салдарын ескермеді деп санайды.

Республикашылдар Хегсетті АҚШ-тың әскери мүмкіндіктерін асыра бағалады және Иран жақын арада тізе бүгетіндей белгілер байқалмаса да, қақтығыстың одан әрі ушығуын қолдады деп айыптайды. Соғыс ұзаққа созылған қақтығысқа айналды, экономикалық проблемалар мен сайлаушылардың наразылығын күшейтті деген пікірде.

Осыған байланысты Кентукки штатынан келген республикашыл конгрессмен Томас Масси Конгресс сессияға оралғаннан кейін Хегсетке импичмент жариялау мәселесін дауысқа салуды ұсынбақ. Кейбір республикашылдар министр әскери операцияның мерзімін, мақсаттарын және нәтижелерін қате бағалағаны үшін жауап беруі керек деп санайды.

Трамп әзірге Хегсетті қолдап келеді, оны өз әкімшілігінің ең жақсы қызметкерлерінің бірі деп атап, жұмыстан шығарылуы туралы қауесеттерді жоққа шығарды.

Бұған дейін АҚШ вице-президенті Дж.Д. Вэнс те Республикалық партияның жеңілуінің басты себебі соғыс болғанын айтқан болатын.