АҚШ-тағы саяси өзгерістер Азия нарығына да әсер етті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Конгресіне өткен аралық сайлаудан кейін Уолл-стритте акциялар қымбаттап, Азияның бірқатар қор нарығында өсім байқалды. Сайлау қорытындысы бойынша президент Дональд Трамптың Республикалық партиясы Конгрестегі бақылауынан айырылды. Бұл туралы Kazinform Euronews-ке сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Issei Kato

Басылымның мәліметінше, Республикалық партия сайлауда жеңіліс тапқаннан кейін АҚШ-тың Dow Jones индексі 3%-дан астам өсті.

Америкалық нарықтағы өсім аясында Гонконг, Қытай және Аустралия қор биржаларында да оң динамика байқалды. Гонконгтың Hang Seng индексі 2,8% өсіп, 24 597,59 пунктке жетті. Қытайдың Shanghai Composite индексі 0,1%, ал Австралияның S& P/ASX 200 индексі 1,9% өсіп, 9 003,40 пункт болды.

Сонымен қатар жасанды интеллектіні дамытуға қатысы бар технологиялық компаниялардың акциялары арзандап жатыр.

Оңтүстік Кореяның Kospi индексі сауда барысында 4%-дан астам төмендеп, таңғы сауда сессиясының соңында құлдырау 3,5% болды. Samsung Electronics акциялары 5,7%, жад микросхемаларын өндіруші SK Hynix қағаздары 7,4% арзандады.

Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,5% төмендеп, 61 914,53 пункт болды. SoftBank Group акциялары 5,3%, Tokyo Electron 7,7%, ал Advantest 9,4% арзандады. Тайваньның Taiex индексі 1,6% төмендеді.

АҚШ нарығында Дональд Трамп пен Илон Маскқа қатысы бар компаниялардың акциялары айтарлықтай арзандады. Атап айтқанда, Trump Media & Technology Group қағаздары 24,5%, Tesla акциялары 3,3% төмендеді.

Бұдан бөлек, ірі қорғаныс өнеркәсібі және мұнай компанияларының акциялары да арзандады. Lockheed Martin акциялары 6,9%, Northrop Grumman 4,5%, ExxonMobil 4,6% төмендеді.

Нарық қатысушыларының бағалауынша, сайлау нәтижесі АҚШ-тың экономикалық саясатына, соның ішінде жасанды интеллект саласын реттеу мен қорғаныс шығындарына әсер етуі мүмкін. Ал ұзақ мерзімді перспективада қор нарықтарына компаниялардың табысы мен пайыздық мөлшерлемелер негізгі ықпал ететін факторлар болып қала береді.

Осы жағдай аясында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 94 долларға жуықтап, кейінгі екі айдағы ең төменгі деңгейіне жақындады.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Республикалық партияның Конгреске өткен аралық сайлауда жеңілуін Иранмен соғысқа және Израильмен қарым-қатынасқа байланыстырған еді.