Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы (ПАОЗ) Солтүстік және Оңтүстік Америка елдерін қызылшаны жою бағытындағы жұмыстарды күшейтуге шақырды. Ұйымның мәліметінше, Батыс жарты шардың бірнеше аймағында аурудың таралуы әлі де жалғасып жатыр.
Мұндай үндеу 10–13 қараша аралығында өткен Қызылша, қызамық және туа біткен қызамық синдромын жоюды бақылау және қайта растау жөніндегі өңірлік комиссияның отырысынан кейін жасалды. Бұл — ПАОЗ құрған, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы халықаралық сарапшылардан тұратын тәуелсіз орган.
Комиссия талаптарына сәйкес, егер қызылша вирусының бір генотипі мен штамы белгілі бір елде 12 ай немесе одан да ұзақ уақыт бойы үздіксіз таралса, аурудың жергілікті таралуы қайта басталды деп есептеледі.
ПАОЗ директоры Жарбас Барбозаның айтуынша, қызылшаны жойған ел мәртебесінен айырылу жай ғана ресми көрсеткіштің төмендеуі емес.
— Бұл вирустың ұзақ уақыт бойы таралғанын және соның салдарынан көптеген отбасы мен қоғамдастықтың ауру жұқтыру, ауруханаға түсу және өлім қаупіне тап болғанын білдіреді, — деді ол.
Бұған дейін Солтүстік және Оңтүстік Америка қызылшаны жойған әлемдегі алғашқы өңір атанған еді. 2024 жылы Венесуэла мен Бразилияда вирустың жергілікті таралуы тоқтағаннан кейін бұл мәртебе қайта расталған болатын.
Алайда 2025 жылғы қарашада Канадада инфекцияның тұрақты таралуына байланысты өңір бұл мәртебесінен айырылды. Кейін Боливия, Мексика және АҚШ та қызылшаны жойған елдер қатарынан шықты. Бұл жағдай Америка құрлығындағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын және ауруды қайта еңсеру жолының күрделене түскенін көрсетеді.
Соған қарамастан, ПАОЗ жағдайды түзетуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
— Бұл — өңіріміз үшін маңызды ескерту. Алайда жағдайды өзгерту мүмкін емес деген сөз емес. Біз қызылшаның алдын алу және оның таралуын тоқтату жолдарын білеміз. Уақтылы вакцинация жүргізіп, эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, ауру анықталған жағдайда жедел әрекет етсек, Америка елдері қызылшаның таралуын қайта тоқтата алады, — деді Жарбас Барбоза.
Қызылша жұқтырғандар саны бір жылда төрт еседен астам өсті
ПАОЗ мәліметінше, жыл басынан 13 қарашаға дейін Америка құрлығында қызылшаның 58 213 расталған жағдайы тіркеліп, 82 адам қайтыс болған.
Салыстыру үшін айтсақ, былтыр осы кезеңде 12 806 адамнан қызылша анықталған. Демек, биыл ауру жұқтырғандар саны бір жылда төрт еседен астам көбейген.
Қызылша — әлемдегі ең жұқпалы аурулардың бірі. Бір науқас вирусты орта есеппен 18 адамға жұқтыруы мүмкін. Ауру пневмония, энцефалит (ми қабынуы) және соқырлық сияқты ауыр асқынуларға әкеліп, адам өліміне де себеп болуы ықтимал.
Бұдан бөлек, қызылшамен ауырғаннан кейін адамның иммундық жүйесі бірнеше ай бойы әлсіреуі мүмкін.
Вакцинациямен қамту деңгейіндегі олқылықтарға байланысты қызылша әлемнің әртүрлі аймағында қайта таралып жатыр. Оңтүстік Американың бірқатар елінде аурудың ұзаққа созылған өршу жағдайлары тіркелуде.
Айта кетейік, бұған дейін Рим Папасы XIV Леоның Оңтүстік Америкаға сапары кезінде өткен жаппай діни іс-шаралар эпидемиологтардың алаңдаушылығын туғызғаны хабарланған болатын.