Рим папасының Оңтүстік Америкадағы сапары қызылша індетімен тұспа-тұс келді
АСТАНА. KAZINFORM — Рим папасы XIV Левтің Оңтүстік Америкаға сапары кезінде өтетін жаппай діни шаралар эпидемиологтарды алаңдатып отыр. Қызылша жұқтырғандар санының өсуіне байланысты бірнеше елдің билігі инфекцияның таралуын бақылауды күшейтіп, қосымша вакцинация науқандарын қолға алды. Бұл туралы Kazinform агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлады.
Рим папасының сапары 6-17 қараша аралығында өтеді. Ол Уругвай, Аргентина және Перуді қамтиды. Діни рәсімдер мен сенушілермен кездесулерге жүздеген мың, тіпті миллиондаған адам қатысады. Мамандардың бағалауынша, мұндай жиындар қызылшаның таралу қаупін арттырады.
Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы (ПАДҰ) эпидемиологиялық қауіпті өте жоғары деп бағалады.
2026 жылғы қаңтар мен қазан аралығында Америка елдерінде қызылшаны жұқтырудың 57 666 расталған дерегі тіркеліп, 81 адам қайтыс болған. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 4,7 есе көп. Инфекция аймақтың 17 елі мен аумағында анықталған.
Рим папасы мыңдаған сенушінің қатысуымен діни рәсімдер өткізген Уругвайда билік 29 қарашаға дейін эпидемиологиялық бақылауды күшейтті. Бұл понтификтің елге сапары аяқталғаннан кейінгі үш апта ішінде инфекция жұқтыруы мүмкін адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.
Перуде вакцинация науқаны кеңейтілді. Әсіресе, балалар мен жастарға, сондай-ақ Рим папасының сапар бағдарламасына енген қалалардың тұрғындарына басымдық беріліп отыр.
Аргентинада да мамандар адам көп жиналатын діни шараларға байланысты қауіп бар екенін ескертті.
ПАДҰ мәліметінше, қызылшаның кең көлемде таралуына жол бермеу үшін халықтың кемінде 95 пайызы вакцинаның екі дозасын алуы керек. Алайда аймақтағы көптеген елде бұл көрсеткіш қажетті деңгейден төмен.
Ұйым жаппай іс-шараларға қатысатындар мен саяхатшыларға екпе мәртебесін алдын ала тексеруге кеңес берді.
Қызылша — ең жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Бұл ауру, әсіресе, кішкентай балалар мен иммунитеті әлсіреген адамдар үшін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Рим Папасы Уругвайдағы ең кедей аудандардың біріне барғанын хабарлаған едік.