20 маусымда Тегеран Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған соққыларына жауап ретінде Ормуз бұғазы қайта жабылғанын мәлімдеді. Иран билігі бұл әрекетті АҚШ пен Иран президенттері қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумның бұзылуы деп атады. Алайда америкалық әскери құрылымдар бұл мәлімдемені жоққа шығарып, бұғаз арқылы кемелер қозғалысы жалғасып жатқанын хабарлады.
Сенбі күні кешке АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Вашингтоннан ұшып шығып, жексенбі таңертең Швейцарияға жетті. Ал Иран делегациясы, оның құрамында парламент спикері Мұхаммед-Багер Ғалибаф пен сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бар, ол елге бір күн бұрын келген.
Ирандық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, делегация құрамында қауіпсіздік қызметтерінің, орталық банктің және мұнай саласының жоғары лауазымды өкілдері де бар. АҚШ делегациясының құрамына Джей Ди Вэнстен бөлек президенттің арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер кірді.
Келіссөздердің жаңа кезеңі жексенбі күні басталмақ. Вице-президент Джей Ди Вэнс сапар алдында ядролық бағдарлама және Ливандағы атысты тоқтату мәселелері бойынша ілгерілеуге қол жеткізуге үміттенетінін айтты.
— Ядролық мәселе бойынша да, Ливандағы атысты тоқтату жөнінде де алға жылжимыз деп сенемін, — деді ол Мэриленд штатындағы Эндрюс әскери базасында ұшаққа мінер алдында.
Оның болжамынша, келіссөздердің алғашқы кезеңі бірнеше күнге созылуы мүмкін.
— Біз Израиль мен Ливанның қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстауымыз керек. Негізгі мақсат — бүкіл өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — деді АҚШ вице-президенті.
Өз кезегінде Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Багаи Тегеранның келіссөздер барысында қарсы тараптан өз міндеттемелерін орындауды талап ететінін мәлімдеді.
Жұмаға қараған түні Израильдің шабуылдары салдарынан Ливанның оңтүстігінде кемінде 18 адам қаза тапқан. Осыған байланысты 19 маусымға жоспарланған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің кейінге қалдырылғаны хабарланған болатын.
Жағдайдан хабардар екі дереккөздің Reuters агенттігіне айтуынша, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс бейсенбі күні келіссөздерге қатысу жоспарын уақытша тоқтатқан.
Келісімнің тұрақтылығына қатысты алаңдаушылықтың күшеюіне байланысты Пәкістан, Сауд Арабиясы және Түркия сияқты делдал елдердің өкілдері жексенбі күні Мысырдың Эль-Аламейн қаласында кездесіп, жеке консультациялар өткізуді жоспарлаған.
Бұған дейін келіссөздер мен салтанатты рәсім Швейцария Альпісіндегі Бюргеншток курорттық кешенінде өтеді деп күтілген еді.
Еске сала кетейік, 15 маусымға қараған түні Иран, Пәкістан және АҚШ Вашингтон мен Тегеран арасындағы бейбіт келісім жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеген болатын. Тараптар барлық бағыттағы, соның ішінде Ливандағы әскери іс-қимылдарды дереу және толық тоқтатуға келіскен.