АҚШ пен Иран келіссөздерінде ілгерілеушілік байқалды

АСТАНА. KAZINFORM – Қатардың Al-Araby Al-Jadeed басылымы АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілгенін хабарлады. Басылымның мәліметінше, Иран делегациясы келіссөздерге қатысу үшін Дохаға барған, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Фото: Анадолу

Қатар астанасына америкалық делегация да келіп, Иран өкілдерімен тікелей келіссөздер жүргізеді деп күтіліп отыр. Бұл туралы келіссөздер барысынан хабардар дереккөздерге сілтеме жасаған Al-Araby Al-Jadeed жазды.

Басылымның дереккөздері Вашингтон мен Тегеран арасындағы жанама келіссөздерде елеулі ілгерілеушілік болғанын айтады.

Тараптар Иранның ядролық бағдарламасы, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының еркіндігі және Иранға қаржылық ынталандыру шараларын ұсыну мәселелері бойынша бастапқы қадамдарды келіскен.

Газеттің хабарлауынша, Катар делегациясы Тегеранда 12 сағаттан астам уақыт келіссөз жүргізгеннен кейін Иран делегациясы Дохаға барған. Енді америкалық тараптың да қосылуы күтіліп отыр.

Басылым ықтимал келісімнің кепілі ретінде Қытай мен Ресейдің қатысуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Алайда АҚШ делегациясының құрамы әзірге жарияланған жоқ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Катар делдалдары АҚШ пен Иран арасындағы дипломатиялық байланыстар аясында Тегеранда келіссөздер өткізген еді.

Ал жуырда ғана Иран Ормуз бұғазында АҚШ-тың барлау дронын қолға түсіргенін мәлімдеді.

Сондай-ақ 24 қазан күні Трамп Иранға қарсы жаңа әскери операция жүргізуі мүмкін екенін ескертті.