АҚШ пен Украина соғысты тоқтату туралы кезекті келіссөз өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президентінің бейбітшілік мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Стив Уиткофф пен президенттің кеңесшісі Джаред Кушнер Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеровпен және Украина Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал Андрей Гнатовпен екі күндік келіссөздер өткізді. бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдеді.
Арменпресс хабарлағандай, Соңғы екі аптадағы алтыншы кездесуде тараптар Украинада тұрақты бейбітшілікті орнату мүмкіндіктерін талқылады. Рустем Умеров Украина үшін басымдық — елдің тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға, украиналықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және елде демократияның өркендеуіне берік негіз құруға мүмкіндік беретін қақтығысты реттеу екенін растады.
Тараптар АҚШ пен Ресей арасындағы осыған ұқсас кездесулердің нәтижелерін және соғысты тоқтатуға әкелуі мүмкін қадамдарды талқылады. Кездесу барысында АҚШ пен Украина ресми өкілдері нақты прогресс Ресей тұрақты әрі мызғымас бейбітшілікті орнатуға бағытталған қадамдар жасауға дайын болған жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті.
АҚШ президентінің бейбітшілік мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Стив Уиткофф пен президент кеңесшісі Джаред Кушнер бұған дейін Мәскеуде жоғары лауазымды ресейлік шенеуніктермен де кездескен-ді.
Еске сала кетсек, Ақ үй Украина бойынша бейбітшілік жоспарына елеулі өзгерістер енгізгенін мәлімдеген еді.
Ал одан бір күн бұрын Марко Рубио АҚШ пен Украина делегацияларының келіссөзі нәтижелі өткенін айтты.