NBC News телеарнасының мәліметінше, Демократиялық партия дәстүрлі түрде Республикалық партияны қолдайтын бірқатар штатта жеңіске жеткен.
Сенатта демократтар Айова, Канзас, Огайо, Мэн, Солтүстік және Оңтүстік Каролина, сондай-ақ Техас штаттарында жеңіске жетіп, қосымша жеті орын иеленді. Бұл штаттардың кейбірі көп жыл бойы республикашылдардың тірегі саналып келген. Сондықтан сайлау қорытындысы елдегі саяси тепе-теңдікті айтарлықтай өзгертті.
Телеарнаның болжамына сәйкес, Өкілдер палатасындағы демократтардың саны кемінде 258 орынға жетеді. Ал палатада басымдыққа ие болу үшін 218 мандат жеткілікті. Дауыс санау қорытындысына қарай бұл көрсеткіш аздап өзгеруі мүмкін.
Дегенмен бірқатар округте сайлау қорытындысы әлі шыққан жоқ. Мәселен, сайлау учаскелері жақында жабылған Гавайи мен Аляскада дауыстарды санау жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек демократтардың жетістігі губернатор сайлауында да байқалды. Партия өкілдері Техас, Джорджия, Невада, Огайо және Айова штаттарында жеңіске жетіп, бес штаттағы позициясын нығайтты.
Конгрестің жаңа құрамы 2027 жылдың қаңтарында жұмысқа кіріседі. Осылайша телеарнаның болжамына сәйкес, демократтар АҚШ заң шығарушы органының қос палатасына да бақылау орнатуға мүмкіндік алады.
NBC News мәліметінше, сайлау нәтижесі АҚШ-тағы саяси күштердің орналасуына елеулі өзгеріс әкелгенімен, президенттің ауысуын немесе жаңа үкіметтің жасақталуын білдірмейді. Дегенмен Конгрестегі орын санын арттырған демократтар заң шығару үдерісіне ықпал етіп, республикашылдардың бастамаларына тосқауыл қоя алады.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында АҚШ президенті Дональд Трамп демократтардың сайлаудағы жетістігін мойындағанымен, мұндай нәтижені күтпегенін айтты. Сондай-ақ ол сайлау қорытындысын жеке жеңілісі деп санамайтынын, өйткені сайлаушыларға кандидаттар ұнамағанын жеткізді.
Бұған қоса, Трамп республикашылдардың демократтармен кейбір мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтса да, олардың бірқатар бастамасына қарсы шығатынын аңғартты. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде «Veto» (Вето) деген жазуы бар қызыл кепканың суретін жариялады. Бұл демократтар ұсынған заң жобаларына вето қоюы мүмкін екенін білдіреді.
Бұған дейін АҚШ Конгресінде билік ауысуы мүмкін екенін, демократтардың Өкілдер палатасын бақылауға алуды көздеп отырғанын хабарлағанбыз.