АҚШ Конгресінде билік ауысуы мүмкін: демократтар Өкілдер палатасын бақылауға алмақ

АСТАНА. KAZINFORM — NBC News болжамдарына қарағанда, демократтар Өкілдер палатасын соңғы жиырма жылда ең үлкен айырмашылықпен бақылауға алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

АҚШ Конгресінде билік ауысуы мүмкін: демократтар Өкілдер палатасын бақылауға алмақ
Фото: Рүстем Қожыбаев\Kazinform

Талдауға сәйкес, демократтар Өкілдер палатасындағы 435 орынның шамамен 248-ін жеңіп алмақ. Қорытынды нәтиже осы болжамнан бірнеше орынға көп немесе аз болуы мүмкін, бірақ соның өзінде демократиялық партия палатадағы басымдыққа ие болу үшін қажетті 218 орыннан айтарлықтай көп мандат алмақ.

Демократтарға палатадағы басымдықты қайтарып алу үшін қосымша үш орын ғана алу қажет еді. Болжамға сәйкес, олар бұрын Республикалық партия иеленген көптеген орындарды қайтарып алды. Олар, әсіресе Дональд Трамп 2024 жылғы сайлауда жеңіп алған округтерде көп жетістікке жетіп отыр.

Демократтардың жеңісі Трамп қабылдаған шаралдарды көпшіліктің қолдамауына қатысты референдім екені айтылып жүр. Атап айтқанда, Ақ үй басшысы қатайтқан иммиграциялық заңдар, Ирандағы сегіз айлық соғыс, бензин, азық-түлік және басқа да тауарлардың бағасының өсуіне әкеп соқтырған АҚШ одақтастарының тауарларына енгізілген тарифтер америкалықтарға ұнай қоймаған.

2027 жылдың 3 қаңтарында, жаңа АҚШ Конгресі қызметіне кіріскен кезде, Өкілдер палатасын Демократиялық партия бақылауы мүмкін. Бұл Трамптың екінші мерзімінде Конгресті толық бақыламаған алғашқы жағдай болғалы тұр.

Америкалықтар Өкілдер палатасының барлық 435 мүшесін және Сенаттың үштен бір бөлігін, яғни 100 сенатордың 35-ін сайлайтынын бұған дейін де жазған едік. Пошта арқылы жіберілген бюллетеньдерді, сондай-ақ басқа да дауыстарды санау сайлау учаскелері жабылғаннан кейін де жалғасуы мүмкін. Сондықтан, кейбір округтердегі қорытынды нәтижелер бірнеше күн немесе аптадан кейін анықталуы мүмкін.

46 сайлау округі (12 пайыз) негізгі саяси тартыс алаңына айналмақ.