АҚШ Қаржы министрлігі Солтүстік Кореяның IT мамандары АҚШ-тың және басқа да елдердің компанияларына алдап-арбау арқылы жұмысқа орналасып жатқанын, олардың жалақысының көп бөлігін Пхеньян жаппай қырып-жою қаруын жасау және баллистикалық зымыран бағдарламаларын қаржыландыруға жұмсайтынын мәлімдеді.
Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, сәрсенбіде санкцияға іліккендердің қатарында Солтүстік Кореяда жұмыс істейтін делдалдар мен Солтүстік Кореяның IT мамандары бар. «First Financial and Technical Development Center» ұйымы және онымен байланысы бар алты тұлға да санкцияға ұшырады.
Санкциялар президент Дональд Трамп Солтүстік Кореямен келіссөздерді қайта бастауға ыңғай танытқан тұста енгізіліп отыр. Пхеньян өзінің ядролық бағдарламасын шектеуге бағытталған дипломатияға асығар емес.
Трамп 2018 және 2019 жылдары Солтүстік Корея көшбасшысымен кездескен жалғыз АҚШ президенті болды. Алайда АҚШ-тың Солтүстік Кореядан ядролық қарудан бас тартуын талап етуіне байланысты дипломатиялық күш-жігер сәтсіз аяқталған.
Бұған дейін Ким Чен Ын КХДР әскерін соғысқа толық дайын болуға шақырғаны хабарланған.